Ұстаз - таудан арқырай аққан тау өзені секілді, айналасына қуат беріп, жолында кездескендерді суымен нәрлендіріп, таудай қиындықтарды тастай домалатып, білімнің сар даласында тыныштық тауып, дамылдайды. Ұстаз - Жер деген әлемнің бетін көркейткен, шәкірттеріне шуақ төккен Күн-Ана. Ұстаз – ақылдың тозбайтұғын асылы, қасиетті мамандық иелерінің ішіндегі жауһары болғандықтан, мен осы мамандықты таңдадым.
Менің мамандығым – мұғалім. Қиындығы мен қызығы мол осы мамандықты бала күнімнен армандағанмын. Адам баласына көмектесу – игілікті істердің бастамасы. Оң мен солын танымай мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндерді білім әлеміне жетектеп, білім-теңіз кемесімен алға жылжыту менің парызым. Себебі, мен 3 Қабанбай орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімімін.
Күнделікті таңертең мектеп ауласына жақындағанымда, балалардың сыңғырлай күлген дауыстары мені қуанышқа бөлейді. Мектепке кіргеннен-ақ, өзімді мазалаған сан түрлі ойлардан арылып, оқушыларымның тәтті қылықтары мен әдемі жүздерінен шаттанамын.
«Бала жүрегі- кішкентай күй сандық. Сол сандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады. Мұғалімнің қолында әр кезде сол кілт тұру керек» - деп, М. Шаханов ағамыз айтқандай, әр баланың жүрегіне жол табу, бала бойындағы дарынды ашу – менің басты міндетім.
Ұстаз – шәкіртімен тұғырлы. Аз ғана ұстаздық жолында жеткен жетістіктерімнің арқасында менің де тұғырымның баспалдағы қалануда. Ол – менің жетістіктерім.
Мен мұғаліммін, мұғаліммін жан оты жарқылдаған. Минутым кем ой куып, шарқ ұрмаған. Жүргіншімін қағаз жүк қолтықтаған. Азаматтық ақ тыныс алқынбаған. Мұғаліммін жұмыскер жай адаммын. Жас өренге мейірімі бай адаммын. Космос ашқан ғарышкер болмағанмен, Ұстаз деген атаққа сай адаммын.
Шәкірт менің мәртебем, мен – баспалдақ. Мен арқылы шырқасын ол аспандап, Мерейленем бой сергіп жасарамын. Жас ұланға ақ жарқын жол ашқанға. Сынып менің сахынам отты алаңым. Сонда жанып, қып-қызыл шоқ боламын. Шоқ болмасам, жарқырап от болмасам, Онда тоқырап тот басып, жоқ боламын.
Ұстаз - Қаратаудың қойнауындай тереңде жатқан кенді ашып, білім мен ғылымның жемісінің дәмін таттыратын, армансызға арман ұялатып, қанатсызға дарын қанатын бітіретін ғажайып күш иесі. Менің мамандығым әлемдегі ең қажет мамандықтардың бірі. Сондықтан мамандығымды мақтан тұтамын.
Назарларыңызға рахмет! Шығармашылық шабыт тілеймін!