Шоқан Уәлиханов
Абылай хан Уәли хан Шыңғыс Шоқан
Шота-Аман Уәлиханов
Омбы кадет корпусы
П.П. Семенов-Тяншанский Г. Потанин
Сырымбеттегі мұражай Алтынемелдегі мұражай
Омбы қаласындағы ескерткішКөкшетау қаласындағы ескерткіш
Уәлиханов Шоқан Шыңғысұлы – қазақтың ұлы ғалымы: ориенталист, тарихшы, фольклоршы, этнограф, географ, ағартушы, демократ. Шын аты- Мұхаммедханафия, әжесінің бала күнінде «Шоқаным» деп еркелетіп айтуымен, «Шоқан» аталып кеткен. Туған жері-қазіргі Қостанай облысындағы Құсмұрын көлінің жағасы. Арғы атасы-қазақтың ұлы ханы – Абылай, Шоқан оның шөбересі. Өз атасы Уәли де хан болған. Ал әкесі Шыңғыс Қазақстанда хандық жүйе жойылып, аға сұлтандықтың енгізілуіне байланысты, аға сұлтан лауазымын иеленген. «Жеті жұрттың тілін білуге тиісті» хан тұқымы болғандықтан, ауыл мектебінде оқып, арабша хат таныған Шоқан араб, шағатай тілдерін меңгерген. Бұдан кейін оны әкесі сол кезде Сібірдегі ең таңдаулы оқу орны деп есептелінетін Омбы кадет корпусына береді. Зерек те зерделі Шоқан мұнда «екі –үш жылдан кейін-ақ өз кластарынан ғана емес, өзінен екі жас үлкендердің класындағыларды да басып озып шығады» (Г.Н.Потанин).
Кадет корпусын бітіргеннен кейін Шоқан Батыс Сібір генерал- губернаторының кеңсесінде қалдырылады. Ол 1855 жылы Ұлы жүзді Қоқан хандығының ықпалынан шығарып, Ресейге қосу бағытында жұмыс істеу үшін ұйымдастырылған экспедицияға қатысып, Семей, Аягөз, Қапал арқылы Іле Алатауына дейін келеді, Жоңғар қақпасына, Алакөл, Тарбағатайға саяхат жасайды. Осы сапарында қазақ, қырғыз ауыз әдебиетінің үлгілерін, тарихы мен этнографиясының материалдарын жинап алады. Бұл еңбегін жоғары бағалаған генерал Г.Х.Гасфорт оны наградаға ұсынады, әскери лауазымы бір сатыға жоғарылап, поручик атағын алады. Келесі жылы М.М.Хоментовский басқарған әскери-ғылыми экспедицияға қатысып, қырғыз елін жете зерттеп, Ыстықкөл аймағының картасын жасасады. Шоқанның Қашқарияға сапары ғалымдық, ағартушылық саласындағы еңбегінің жаңа белеске көтерілуіне жол ашты. Қоқан хандығының Қашқардағы консулы әрі саяси резидентінің көмегімен Қашқардың экономикалық саяси құрылымын зерттеп, бұл халықтың тарихы мен этнографиясынан көптеген материалдар жинайды. Қашқар сапарынан «Алты шаһардың, яғни Қытайдың Нан-лу провинциясының шығыстағы алты қаласының жайы» атты еңбегі дүниеге келеді.
Шоқаннан қалған мұраның бірі-бейнелеу өнеріндегі зерттеулері. Бұл еңбектер оның өнердің осы саласындағы қазақтың тұңғыш профессионал суретшісі болғанын дәлелдейді. Ол негізінен портрет, пейжаз және халықтың тұрмыс-салтын бейнелеумен айналысқан. Одан 150-дей сурет қалған. Науқасы меңдегендіктен Петербургтан елге оралған Шоқан туған халқының екі жақты қанауда езілгенін көріп, 1862 жылғы сайлауда Атбасар округының аға сұлтаны болуға талпынады. Тән ауруы мен жан ауруына шипа таба алмаған Шоқан 1865 жылы Алтынемелде, Көшкентоғай деген жердегі Тезек төренің ауылында қайтыс болады. Шоқанның маңдайына «жарқ етіп сөнген құйрықты жұлдыздай» қысқа ғана ғұмыр сүру жазылды. Бірақ ол аз ғана ғұмырында адам қабілетінің ғажайып мүмкіндіктерін, гуманизмнің биік өресін, ұлтжандылықтың жалтақсыз үлгісін, алғырлықтың қайран қаларлық өнегесін барша болмысымен, нақтылы іс-әрекетімен дәлелдеп үлгерді.
Еңбектері Қазақ халық поэзиясының түрлері жөнінде Алтышаһар немесе Қашқария туралы Қазақ шежіресі Сот реформасы жайында хат Қырғыздар туралы жазбалар Іле өлкесінің географиялық очерктері Ұлы жүз туралы
Шоқан Семей жерінде
ҚозыКөрпеш - Баян Сұлу кесенесі