Бір күні зергерге жас жігіт келіп: - Мен өзімді сондай мүсәпір, байғұс сезінемін. Айналамдағылар да маған мүсіркеп қарайды. Менің қолымнан ештеңе де келмейді. Сондықтан да мен өзімнен түңілдім. Маған көмектесіңізші - деп жалынады.
Зергер жігітке саусағындағы сақинаны шешіп береді де: - Осы сақинаны базарға апарып, 1 алтын ділдәға сат. Одан арзанға беруші болма – дейді. Жігіт ертеден қара кешке дейін базардың басынан аяғына дейін аралап, сақинасын көрсетумен болады. Сақинаны ешкім де алмайды. Кызыктаушылар болғанмен бағасын естіп, сырт айналады. Бір қартаң саудагер: - Бұл сақина үшін алтын ақша сұрауың ақымақтық қой. Бұл сақинаң қара бақырға өтсе сол - деп мысқылдайды.
Ертеден қара кешке дейін базарда сандалған жігіт кешқұрым зергерге қайтып оралады. Сақинаны беріп тұрып: - Шебер, мен сіздің тапсырмаңызды орындай алмадым. Өйткені сақина үшін қара бақыр бергісі келді, ал мен алтын ділдәға бағаладым- деді. Сол кезде қарт зергер: -Міне, ең керекті сөзді сен жаңа ғана айттың? Алтынның бағасын зергерден артық кім береді? Сондықтан сен қазір басқа бір зергерге барып, осы сақинаны сатып алуын өтін деп, қаладағы танымал зергерлердің біріне жұмсайды.
Ол зергер сақинаны қолына алып, әр бері шұқшиған соң : -Асығыс болмағанда бұл сақина үшін 70 алтын ділдә берер едім, ал қазір тек 58 алтын ақша ғана бере алам- дейді. -70 алтын ділдә?- деп айқайлап жіберді жас жігіт таңғалғаннан. Солай деді де, атына міне сап, қарт зергерге қарай шаба жөнелді.
Жас жігіт атынан секіріп түсіп, алып- ұшып зергерге келіп, сақинаның нақты бағасын айтты. Жігіттің әңгімесін үнсіз тыңдаған зергер: -Балам, көрдің бе? Асылдың бағасын хас шеберлер ғана анықтайды екен. Ал сен болсаң, көлденең көк аттының сөзіне бола ұнжырғаңды түсірдің. Адамның зергері оның өзі, сондықтан да өз бағаңды өзің және өзіңді жақсы білетін адамдар ғана бере алады.
Өз өмірің - өзің үшін ең қымбат, қайталанбас сый. Өзіңді- өзің бағалай, құрметтей біл. Сонда ғана өзгелерге де қадірлі боласың....